Клуб жаңалықтары

26 November, 20:33

«ШАХТЕР»: БІРІНШІ ЛИГАДАҒЫ ЧЕМПИОНДЫҚТАН ҚПЛ-ДАҒЫ ЖАҢА МІНДЕТТЕРГЕ ДЕЙІН

Бірінші лигада мерзімінен бұрын чемпион атанып, Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралған қарағандылық «Шахтер» клубы дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. ҚПЛ-дегі жаңа маусымға дайындық, трансферлік саясат, қосалқы құрамның болашағы, академияны дамыту және клубтың алдағы жоспарлары туралы «Шахтер» футбол клубының спорт директоры Арсен Инкарбековпен сұхбаттастық.

– Арсен Укибаевич, маусым оңай болған жоқ, дегенмен «Шахтер» Бірінші лигада мерзімінен бұрын чемпион атанып, ҚПЛ-ге жолдама алды. Өткен маусымның қорытындысын қалай бағалайсыз?

– Маусымның басы шынымен де оңай болған жоқ. Біз клубқа артылған жауапкершілікті, жанкүйерлердің үмітін және алдымызға қойылған міндеттерді жақсы түсіндік. Сондықтан ең алдымен дұрыс жұмыс жүйесін қалыптастырып, барлығын ортақ мақсат төңірегіне біріктіру маңызды болды.

Клубтың дамуына жеке инвестициялардың тартылуы үлкен серпін бергенін ерекше атап өткім келеді. Бұл жүйелі жұмыс жүргізуге, команданы нығайтуға және алға қойған мақсаттарға жету үшін қажетті жағдайлар жасауға қосымша мүмкіндік берді. Маусым бойы клуб басшылығының атынан Тимур Русланович пен Рохус Рохусович тарапынан сенім мен жан-жақты қолдауды сезіндік. Бұл біз үшін өте маңызды болды. Өйткені алдымызда ортақ мақсат, клубты дамытуға қатысты біртұтас көзқарас және жоспарларды жүзеге асыруға қажетті қолдау бар екенін білдік.

Биыл біз тәжірибелі футболшылар мен жас ойыншылар үйлесім тапқан, шын мәнінде бәсекеге қабілетті құрам жасақтай алдық. Басқа клубтардан да болашағынан үміт күттіретін жастарды шақырдық. Сонымен қатар өз академиямыздың тәрбиеленушілеріне басымдық бердік. Жергілікті жас футболшылардың жай ғана команда құрамында болғанын емес, негізгі құрамнан орын алу үшін бәсекеге түсіп, ойын тәжірибесін жинақтағанын қаладық.

Осы ретте Расул Акимов, Мейірлан Балтабаев, Руслан Белобородый, Нұрали Азатказы және басқа да жас футболшыларды ерекше атап өткім келеді. Олар кәсіби футболдың талаптары мен жағдайларына тез бейімделіп, тәжірибелі әріптестерінің арасында өздерін жақсы қырынан көрсете алды. Өз қабілеттері мен әлеуеттерін дәлелдеді.

Менің ойымша, біз тек спорттық міндеттерді орындап қана қоймай, клуб ішінде дұрыс атмосфера қалыптастыра алдық. Команда біртұтас организмге айналды: футболшылар, жаттықтырушылар штабы, әкімшілік және кеңсе қызметкерлері бір бағытта жұмыс істеді. Бұл маусым дұрыс көзқарас, іске деген жауапкершілік және ортақ іске жұмылу болған жағдайда нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетті.

 

Әр адам өз орнында атқаратын міндеті мен жауапкершілігін жақсы түсінді. Барлығымыз бір мақсатпен өмір сүріп, ортақ идея төңірегіне бірігіп, бір нәтижеге қарай ұмтылдық. Дәл осы бірлік алға қойған мақсаттарымызға жетуге мүмкіндік берді.

– Клуб жаңа маусымға дайындықты қашан бастайды? Қазіргі таңда селекциялық жұмыс қалай жүргізілуде?

– Жаңа маусымға дайындық жұмыстары іс жүзінде қыркүйек айында басталды. Біз бұл үдерісті чемпионат аяқталғанша кейінге қалдырған жоқпыз. Қазіргі уақытта скаутинг және селекция бөлімдері белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақстандық футболшылар мен легионерлер туралы мәліметтер жинап, талдап, әлеуетті үміткерлерді қарастырудамыз.

Алғашқы оқу-жаттығу жиындары желтоқсан айының ортасында басталады. Жалпы, команда төрт оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Олардың әрқайсысы жаңа маусымға дайындық аясында белгілі бір міндеттерді шешуге бағытталады.

Алғашқы жиын негізінен селекциялық сипатта өтеді. Осы кезеңде командаға алдын ала жасақталған шорт-тізімге енген әлеуетті жаңа ойыншылар қосылады. Сонымен қатар жұмыс тек жаңа футболшыларды бағалаумен шектелмейді. Үзілістен кейінгі команданың жалпы жағдайына да талдау жасалады. Жаттықтырушылар штабы ойыншылардың физикалық көрсеткіштерін, функционалдық дайындығын, ойын сапасын және алдағы маусымға әзірлігін бағалауы қажет.

Бірінші оқу-жаттығу жиыны аясында үш жолдастық кездесу өткізу жоспарланған. Бұл ойыншылардың өзара түсіністігін бағалауға, әлеуетті жаңадан келген футболшыларды ойын жағдайында сынауға, түрлі тактикалық үйлесімдерді тексеруге және алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.

Қалған үш оқу-жаттығу жиыны физикалық жүктемені кезең-кезеңімен арттыруға, функционалдық және тактикалық дайындыққа, ойыншылар арасындағы өзара байланысты жетілдіруге әрі чемпионат басталғанға дейін оңтайлы құрам жасақтауға бағытталады. Әр кезеңде өткізілетін жолдастық кездесулер жаттықтырушылар штабына команданың даму барысын бағалап, футболшыларды қажетті дайындық деңгейіне біртіндеп жеткізуге мүмкіндік береді.

– Команда ҚПЛ-ге оралғаннан кейін құрамда өзгерістер болатыны анық. Клубтан кететін ойыншылар туралы не айта аласыз?

– Ең алдымен, чемпиондық маусымда командамыздың бір бөлігі болып, ортақ нәтижеге үлес қосқан әрбір футболшыға алғыс айтқым келеді.

Футбол – үздіксіз қозғалыс. Құрамдағы өзгерістер кез келген клубтың даму үдерісіндегі табиғи құбылыс. Біз командамыздың намысын қорғаған әрбір ойыншыға құрметпен қараймыз. Біз үшін спорттық нәтижеге қол жеткізу ғана емес, адами қарым-қатынасты сақтау да маңызды. Командадан кететін барлық ойыншымен жақсы қарым-қатынасты сақтай отырып, дұрыс қоштасуға тырыстық.

Жігіттерге алдағы мансабына сәттілік тілейміз. Ортақ мақсатқа жету жолындағы еңбектері мен қосқан үлестерін әрдайым бағалаймыз.

– Негізгі командамен қатар клубтың жақын резерві – қосалқы құрамға да басымдық берілді. Команданың алдында Бірінші лигаға шығу міндеті тұрған еді, алайда оны орындау мүмкін болмады. Бұған не себеп болды және қандай өзгерістер күтілуде?

– Шынында да, қосалқы құрамның алдына Бірінші лигаға шығу жөнінде нақты міндет қойылған болатын. Өкінішке қарай, маусым қорытындысы бойынша бұл мақсатқа қол жеткізе алмадық.

Соған қарамастан, клуб бұл бағытқа үлкен көңіл бөлді. Командаға оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, дайындық үшін қажетті жағдайлар жасалды. Сондай-ақ медициналық қолдау мен футболшыларды қалпына келтіру жұмыстары қамтамасыз етілді.

Маусым қорытындысы бойынша кадрлық шешімдер қабылданды. Оның ішінде жаттықтырушылар штабына қатысты өзгерістер де бар. Бас бапкерге және барлық маманға атқарған жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді.

Қазіргі уақытта қосалқы құрамды дамытудың алдағы моделін қарастырып жатырмыз. Негізгі бағыттардың бірі – команданы жасарту және академияның болашағынан үміт күттіретін тәрбиеленушілерін командаға барынша кеңінен тарту.

Клубтың қосалқы құрамды Бірінші лигада көргісі келетіні және бұл бағытта стратегиялық мүддесі бар екені анық. Қазіргі таңда лицензиялау үшін қажетті құжаттарды тапсырдық. Түпкілікті шешімді Қазақстан футбол федерациясы қабылдайды.

Жақын арада жаңартылған жаттықтырушылар штабы туралы жариялап, академияның құрылымын таныстырамыз.

– Академияны атап өттіңіз. Маусым қорытындысы бойынша оның жұмысын қалай бағалайсыз?

– Академия өте сапалы жұмыс атқарды. Оның басшылығына, жаттықтырушылар штабына, медициналық және әкімшілік қызметкерлеріне, сондай-ақ тәрбиеленушілерімізбен күнделікті жұмыс істейтін барлық маманға алғысымды білдіргім келеді.

Маусымға қойылған міндеттер 100 пайыз орындалды. Біз қажетті селекциялық жұмыстарды жүргіздік, барлық жас санатындағы ойыншылардың дамуына көңіл бөліп, бірыңғай дайындық жүйесін қалыптастыру бағытында жұмыс істедік.

Біз үшін академия – жеке бағыт қана емес, негізгі команданың болашағының іргетасы. Жас санаттары, қосалқы құрам және негізгі команда арасында сабақтастық орнату маңызды. Сонда талантты футболшылар клубтағы өздерінің алдағы даму жолын түсініп, негізгі құрамға дейін жетуге мүмкіндік алады.

Жақын арада QJ League жүйесіндегі барлық жас санатындағы командалар Ташкент қаласына аттанып, халықаралық турнирге қатысады. Бұл – халықаралық ойын тәжірибесін жинақтауға, тәрбиеленушілеріміздің дайындық деңгейін тексеруге және өзге командалармен салыстыра отырып, олардың әлеуетін бағалауға тамаша мүмкіндік.

– Келесі жылы академияның алдына қандай негізгі міндеттер қоясыздар?

– Келесі маусымға арналған жоспарларымыз ауқымды, ал міндеттеріміз жауапты. Жүйелі жұмысымызды жалғастырып, жас санаттары арасындағы сабақтастықты сақтаймыз және футболшылардың жеке дамуына басымдық береміз.

Біздің мақсатымыз – ойыншыларды тек жекелеген турнирлер мен чемпионаттарға дайындау емес, болашақта «Шахтердің» негізгі құрамын күшейте алатын футболшыларды тәрбиелеу.

Жалпы, қазіргі уақытта клуб дамудың маңызды кезеңінен өтіп жатыр. ҚПЛ-ге оралу – түпкілікті мақсат емес, бұл – үлкен жауапкершілікті, жүйелілікті және кәсіби көзқарасты талап ететін жаңа кезеңнің бастауы.

Бүгінде клубтың амбициясы ғана емес, қажетті ресурстары, басшылықтың қолдауы және болашақ дамудың стратегиялық жоспары бар. Біздің міндетіміз – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, алға қарай жүйелі түрде жылжу.

Бізге сабырлылық, жүйелілік және қай бағытта келе жатқанымызды нақты түсіну қажет. Біздің мақсатымыз – Премьер-лига деңгейінде бәсекеге қабілетті ғана емес, сонымен қатар тұрақты түрде өз тәрбиеленушілерін шығарып отыратын клуб қалыптастыру.

– Маусым қорытындысы бойынша және клуб тарихындағы жаңа кезең қарсаңында «Шахтердің» жанкүйерлеріне қандай тілек айтқыңыз келеді?

– Ең алдымен, жанкүйерлерімізге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Маусым бойы сіздердің қолдауларыңызды сезіндік. Бұл команда үшін өте маңызды болды. Сенімдеріңізді, клубқа деген адалдықтарыңызды және әрдайым командамыздың жанынан табылатындарыңызды жоғары бағалаймыз.

Келесі маусым біз үшін жаңа әрі күрделі сынақ болатынын жақсы түсінеміз. Бәсекелестік деңгейі, жауапкершілік пен талап мүлде басқа болады. Дегенмен біз бұл жұмысқа дайынбыз және мойнымыздағы жауапкершілікті толық сезінеміз.

Өз тарапымыздан Қарағандының намысын абыроймен қорғап, клубты дамыту және өз ойынымыз бен нәтижелеріміз арқылы сіздерді қуанту үшін бар күш-жігерімізді салуға уәде береміз.

«Шахтер» – тарихы терең, дәстүрі қалыптасқан клуб. Біз әрбір жанкүйердің өз командасын қайта мақтан тұтқанын қалаймыз. Келесі маусымда футбол алаңында да, трибуналарда да қайтадан біртұтас боламыз деп үміттенемін. Тек бірліктің арқасында ғана алға жылжи аламыз!

Наверх