Алайда бұл матч тек нәтижесімен ғана емес, футбол тарихындағы маңызды оқиғалардың бірімен де есте қалды. Дәл осы кездесуде Португалия ұлттық құрамасы сапында 18 жастағы Криштиану Роналду дебют жасады. Кейін ол әлемдік футбол тарихындағы ең ұлы жұлдыздардың біріне айналды. Болашақ футбол аңызымен бір алаңда өнер көрсеткен қарсыластардың қатарында сол кезеңде Қазақстан құрамасында ойнаған, бүгінде «Шахтер» U-18 командасының бас бапкері Игорь Солошенко да болды.

Арада жиырма жылдан астам уақыт өткен соң Роналдудың ұлттық құрамадағы мансабы аяқталды. Ол 23 жыл бойы Португалия намысын қорғап, ұлттық құрама сапында өткізген матчтары мен соққан голдары бойынша әлемдік рекордтар орнатты. Сонымен қатар 2016 жылы Еуропа чемпионы атанып, УЕФА Ұлттар лигасын екі мәрте жеңіп алды.
Ал Игорь Солошенко үшін сол кездесу футболдағы өмірбаянының ерекше бір парағы болып қалды. Бүгінде біз Игорь Александровичтен сол тарихи матч туралы естеліктерімен бөлісіп, болашақ әлемдік футбол жұлдызын мансабының алғашқы кезеңінде қалай танығанын айтып беруін сұрадық.
«2003 жылы ұлттық құрама сапында бірнеше халықаралық матч өткіздік: Фарер аралдары құрамасымен екі ойын, Польша және Португалия құрамаларымен кездестік. Әрине, португалиялықтармен өткен матчтың орны ерекше болды.
Португалия 2004 жылы Еуропа чемпионатын қабылдауға дайындалып жатқан еді. Қазақстан құрамасымен жаңа стадионда бақылау матчын өткіздік. Португалия құрамасының сапында 2003 жылы «Милан» құрамында Чемпиондар лигасын жеңіп алған Руй Кошта, 2000 жылғы «Алтын доп» иегері Луиш Фигу, «Пари Сен-Жермен» шабуылшысы Педру Паулета, Симау, Деку, Мигел, Фернанду Коуту және Еуропаның жетекші клубтарында өнер көрсеткен басқа да танымал футболшылар болды.
Матч өткен стадионның трибуналары көрермендерге лық толы еді. Ойын барысында футболшылардың өте жоғары жылдамдығы, португалиялық ойыншылардың доппен жұмыс істеу шеберлігі және стадиондағы керемет атмосфера ерекше есте қалды. Біз осындай мықты қарсыластармен ойнау мүмкіндігін жоғары бағаладық.
Екінші таймда алаңға Криштиану Роналду шықты. Ол кезде бұл жас әрі болашағынан зор үміт күттіретін футболшыны «Манчестер Юнайтед» клубы сатып алғанын білетінбіз. Ол жоғары жылдамдықпен орындайтын дриблингімен және допты меңгеру техникасымен есте қалды.
Сол сәтте біз футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірімен ойнап жүргенімізді білген жоқпыз. Меніңше, ол еңбекқорлығымен, футболға, жанкүйерлерге және қарапайым адамдарға деген кәсіби көзқарасымен жас ұрпаққа үлгі бола алатын тұлға», - деп еске алады Игорь Солошенко.

2003 жылғы жолдастық кездесуден әлемдік футбол тарихына дейін - Криштиану Роналдудың жүріп өткен жолы осындай. Сол кезде ол ұлттық құрамадағы мансабын енді бастаған жас футболшы еді. Бүгінде оның есімі бүкіл әлемге танымал, ал жетістіктері бірнеше буын футболшылары үшін биік белеске айналды.
Игорь Солошенко үшін бұл кездесу - ерекше естелік әрі жас шәкірттерімен бөлісуге тұрарлық баға жетпес тәжірибе. Өйткені үлкен жеңістер мен рекордтардың артында әрдайым еңбек, тәртіп, кәсібилік және өз мүмкіндігіне деген сенім тұрады.
Осындай тұлғалардың өмір жолы жас футболшыларды өз арманына ұмтылуға, үздіксіз еңбек етуге және ешқашан қол жеткізген жетістігімен тоқтап қалмауға шабыттандырады.

(Роналдудың фотосуреті және ұлттық құрамалар ойыншыларының құрамы – ашық дереккөздерден алынған)

Шахтёр
Кайрат-Жастар


