Іріктеу үш күнге созылып, бірнеше кезеңнен тұрды. Бұл жаттықтырушылар штабына әрбір қатысушының техникалық дайындығын, ойындық ойлау қабілетін, дене дайындығын және әлеуетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.

Академия басшысы Сергей Якушиннің айтуынша, қаралымға деген қызығушылық өте жоғары болды:
«Қаралымға еліміздің барлық дерлік өңірлерінен шамамен 80 бала келді. Бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 60 пайызы. Алғашқы күні олар төрт алаңға бөлініп, пас беру, допты қабылдау, қарсыласын алдап өту, дриблинг және командалық ойын жаттығуларын орындады. Жұмысқа Академияның 35-тен астам жаттықтырушысы тартылды. Әрбір қатысушы мұқият бақылауда болды: жаттықтырушылар олардың ойынын талдап, жазбалар жүргізді. Алғашқы күндердің өзінде-ақ дарынды балалар көзге түсті. Әр күннің қорытындысы бойынша ортақ талқылау өткіздік. Іріктеуге деген қызығушылықтың жоғары болғаны қуантады».

Іріктеудің екінші күні қатысушылар бақылау матчтарында бақ сынады. Академия үйлестірушісі Ербол Мұсабаевтың айтуынша, дәл ойын барысында жас футболшылардың мүмкіндіктерін толық бағалауға мүмкіндік туды:
«Негізгі критерийлер жылдамдық, доппен жұмыс істеу және допты қабылдау сапасы болды. Барлық балалардың көзінен футболға деген құштарлық пен өздерін көрсетуге деген үлкен ынта байқалды. Біздің басты міндетіміз – ең болашағы зор ойыншыларды іріктеп алу болды».

Өткен іріктеу кезеңі еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас футболшылардың «Шахтёр» ФК академиясына деген қызығушылығының жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай жобалар балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуда маңызды рөл атқарып, дарынды ойыншылардың кәсіби тұрғыда өсуіне жол ашады.

Келесі іріктеу тамыз айында «Шахтёр» ФК академиясында 2013 және 2014 жылы туған футболшыларға арнап өтетің болады.


Шахтёр
Арыс


