«Кеншілердің» бастапқы құрамында алаңға Арслан Қуандыков, Мади Құдайберген, Абылай Тоқтасын, Ярослав Туницкий (к), Елдар Жолдиканов, Айдар Қуанышбек, Амир Оспанов, Владислав Солошенко, Тимур Казанцев, Никита Духов және Артем Лящук шықты.
Кездесудің алғашқы минуттарынан бастап қарағандылықтар жеңіске деген жігерін айқын көрсетті. Матчтың 3-минутында Артем Лящук сол қапталдан дәл пас асырып, Никита Духов баспен допты қақпашының үстінен асыра бағыттап, есеп ашты — 1:0.
Жылдам голдан кейін «Шахтер» қарсыласқа қысымды күшейте түсті. Алаң иелері қонақтардың жылдам шабуылдарына ілесе алмай, ереже бұзуға жиі жол берді. Соның нәтижесінде «Академия КФФ» U-17 ойыншылары бірінші таймның өзінде үш сары қағаз алды. Үзіліске дейін есеп өзгермеді — 1:0.
Екінші таймда алаң иелері таразы басын теңестіруге тырысып, шабуылды үдете түсті. Алайда «Шахтердің» қақпашысы Арслан Қуандыков сенімді ойынымен қарсылас шабуылдарының барлығына тосқауыл болды.
65-минутта «кеншілер» есеп айырмасын ұлғайтты. Артем Лящук оң қапталдан айып алаңына тағы бір нәтижелі пас беріп, Елдар Жолдиканов допты кеудесімен шебер қабылдап, екінші жанасумен қақпа торына дәл бағыттады — 2:0.
Ал 79-минутта қонақтар жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырып, оны Никита Духов сәтті аяқтады. Ол допты қақпаның жақын бұрышына дәл бағыттап, матчтағы дублін рәсімдеді — 3:0.
Осылайша Рафаэль Хамидуллов шәкірттері QJ League турниріндегі алтыншы жеңісіне қол жеткізіп, маусымды жеңіліссіз жалғастырып келеді.

Шахтёр
Ақтобе Жас
