Клуб жаңалықтары

12 May, 17:16

«ШАХТЕР» W ПАВЛОДАРДА ТЕҢ НӘТИЖЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Әйелдер арасындағы "Шахтёр" W командасы Қазақстан чемпионаты аясында "Ертіс-Павлодар" W командасына қарсы сырт алаңда матч өткізді. Биылғы маусымның дебютанттары тартысты ойын көрсетіп, 1:1 есебімен тең нәтижеге қол жеткізді.

Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ «Шахтёр» футболшылары сенімді әрі ұйымшыл ойын өрнегін көрсетті. Бастапқы құрамда алаңға Алина Комарова, Владлена Гавриш, Гүлназ Амангелдинова, Диана Жақсыбекова, Ругая Гаджиева, Александра Набокова, Әсем Өтебаева, Диана Нақыпбек, Жансұлу Нұрғазина, Адеми Омиртай және Олеся Шаповалова шықты.

Шабуыл шебінде Олеся Шаповалова белсенді ойынымен көзге түссе, Диана Нақыпбек сол қапталда қауіпті сәттер ұйымдастырды. Қақпашы Алина Комарова да бірнеше эпизодта команданы құтқарып, сенімді ойын көрсетті.

Матчтың 38-минутында қонақтар айып добын орындау мүмкіндігіне ие болды. Айып алаңына асырылған пастан кейін Жансұлу Нұрғазина допты қарсылас қақпасына дәл бағыттап, есеп ашты — 0:1. Осы есеп бірінші таймның соңына дейін сақталды.

Екінші таймда ойын алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Екі команда да гол соғуға мүмкіндік алды. Кездесудің соңына қарай алаң иелері таразы басын теңестірді.

Қорытынды есеп — 1:1. Маусым дебютанттары «Шахтер» W үшін бұл сырт алаңдағы лайықты нәтиже болды.

Наверх