Клуб жаңалықтары

31 May, 13:48

«ШАХТЕР» БОЛАШАҚТЫ БІРГЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА: АКАДЕМИЯ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІ ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ЖАҢА ЭКОПАРКТЫҢ ҚҰРЫЛУЫНА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Қарағандыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық акция өтті. Болашақ экопарк аумағында 200 гектар жерге 4000-нан астам ағаш отырғызылды. Іс-шараға облыстың барлық қала-аудандарынан келген делегациялар, қоғам өкілдері, жастар және «Шахтер» футбол клубы академиясының тәрбиеленушілері қатысты.

Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс шағынаудандарының арасындағы жаңа аудан қарқынды дамып, қаланың ең перспективалы аймақтарының біріне айналуда. Мұнда заманауи тұрғын үй кешендері салынып жатыр, алдағы жылдары мектептер, балабақшалар, спорт нысандары және өңірдегі ең ірі экопарк бой көтермек.

Экологиялық акцияға «Шахтер» академиясының жас футболшыларының қатысуы ерекше мәнге ие болды. Клуб үшін мұндай бастамаларға атсалысу – жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бөлігі. Спортшылар тек футбол алаңында жеңіске жетуді ғана емес, туған өңірдің дамуына да өз үлестерін қосуды мақсат етеді.

— Бізді осындай маңызды шараға шақырғанына қуаныштымын. Қажетті әрі пайдалы іске қатысқанымызға ризамыз. Көңіл-күйіміз тамаша. Енді осы жерге жиі келіп, өзіміз отырғызған көшеттердің қалай өсіп жатқанын бақылап жүреміз, — деді «Шахтер» U-18 командасының ойыншысы Никита Духов.

Болашақ экопарк серуендеу аллеялары, велосипед жолдары, спорт алаңдары және отбасылық демалыс аймақтары бар заманауи демалыс және спорт орталығына айналады. Дәл осы жерде Қарағанды тұрғындары үшін жаңа тартылыс нүктесіне айналатын ірі спорттық кластерді құру жоспарланған.

Аталған аумақты дамытуда Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турловтың қолдауы ерекше маңызға ие. Оның қолдауымен өңірдің спорттық инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың қатарында халықаралық стандарттарға сай келетін, аумағы шамамен 10 гектар болатын толыққанды футбол орталығының құрылысы бар. Жоба аясында UEFA-ның 4-санат талаптарына сәйкес келетін 3500 орындық стадион, жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық футбол манежі, жылыту жүйесі бар толық өлшемді алаң және заманауи екі қабатты әкімшілік-тұрмыстық кешен салу көзделген. Ауқымды құрылыс жұмыстарының 2027 жылы аяқталуы жоспарланып отыр.

«Шахтер» футбол клубы үшін жаңа экопаркті құруға қатысу жай ғана экологиялық акция емес, ағаштармен бірге болашақ спортшылар өсіп шығатын Қарағандының келешегіне қосылған маңызды үлес болды.

Бүгін отырғызылған ағаштар жаңа Қарағандының дамуының символына айналады. «Шахтер» футбол клубы, оның тәрбиеленушілері мен серіктестері заманауи спорт, жайлы қалалық орта және экологияға деген жауапкершілік қатар дамитын болашақты бірге қалыптастыруда.

 

Наверх