Бұл кездесу екі команда үшін де аса маңызды болды. Тур басталар алдында «Шахтер» турнирлік кестеде екінші орында тұрса, «Тұран» үшінші сатыға жайғасқан еді. Сонымен қатар матчқа Виктор Кумыков пен Андрей Финонченко арасындағы бапкерлер текетіресі ерекше тартымдылық сыйлады. Екі маман да «Шахтердің» 2012/13 жылғы тарихи еурокубок маусымының басты тұлғаларының бірі болған.

«Шахтердің» негізгі құрамында алаңға Игорь Шацкий (к), Александр Мигунов, Қасымжан Таипов, Нұралы Азатқазы, Рафаиль Оспанов, Андрей Ульшин, Руслан Белобородый, Максим Галкин, Данила Васильченко, Арман Нүсіп және Артем Литош шықты.
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алып, қарсылас қақпасына үздіксіз қысым көрсетті. Шабуыл шебінде Артем Литош дәстүрлі түрде белсенді ойынымен көзге түсті. Матчтың 16-минутында «Шахтердің» шабуылы нәтижесін беріп, Александр Мигунов есеп ашты.

Ойынның қалған бөлігінде қос команда да қауіпті сәттер ұйымдастырды. Әсіресе кездесудің соңғы минуттарында «Тұран» есепті теңестіруге бірнеше мәрте мүмкіндік алғанымен, «Шахтердің» капитаны Игорь Шацкий қақпада сенімді өнер көрсетіп, өз командасын голдан құтқарып қалды.

Қорытынды ысқырық «Шахтердің» 1:0 есебімен маңызды жеңісін тіркеді. Бұл жеңістің арқасында қарағандылық клуб қоржынына үш ұпай қосып, турнирлік кестедегі негізгі қарсыластарының бірінен арадағы айырмашылықты ұлғайтты.


Шахтёр
Туран
Академия Онтустик

