Екібастұздағы ойынға «кеншілер» алты матчтық жеңісті сериямен келді және осы қарқынын сақтауды мақсат етті. Еске салсақ, чемпионаттың бірінші айналымында «Шахтер» өз алаңында «Батырды» 4:0 есебімен сенімді түрде жеңген болатын.
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ қарағандылықтар ойын тізгінін өз қолына алды. Әдеттегідей Артем Литош шабуылда белсенділік танытып, қарсылас қақпасы маңында қауіпті сәттер ұйымдастырды. Матчтың 38-минутында Андрей Ульшин айып алаңының сыртынан дәл соққы жасап, есеп ашты.

Екінші таймда «Шахтер» басымдығын еселей түсті. Жоғары прессингтің нәтижесінде Рифат Нұрмұғамет қарсылас қорғаушысынан допты тартып алып, қолайлы сәтті мүлт жібермей, команданың екінші голын соқты. Ойынның қорытындысы бойынша «Шахтер» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша қарағандылық ұжым қатарынан жетінші жеңісіне қол жеткізді.

«Шахтердің» негізгі құрамында алаңға Игорь Шацкий (к), Даулет Зайнетдинов, Қасымжан Таипов, Нұралы Азатказы, Рафаиль Оспанов, Марк Богачев, Лев Скворцов, Андрей Ульшин, Владислав Прокопенко, Рифат Нурмугамет және Артем Литош шықты.

Матчта жас қорғаушы Нұралы Азатказының сенімді ойыны ерекше көзге түсті. Ол қорғаныста өте сауатты әрі сенімді өнер көрсетті. Сондай-ақ команда капитаны Игорь Шацкий де жоғары шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, өз қақпасын голдан аман алып қалды.



