Клуб жаңалықтары

9 July, 09:39

«ШАХТЕР» АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ – QJL ALL STAR ҚҰРАМЫНДА!

«Шахтер» футбол клубы академиясының алты тәрбиеленушісі 11 шілде күні Германияның «Боруссия Мёнхенгладбах» командасына қарсы жолдастық кездесу өткізетін QJL All Star құрамына шақырту алды.

Бұл – маусым бойы қажырлы еңбек етіп, тұрақты ойын өрнегін көрсеткен жас футболшыларымыздың еңбегіне берілген жоғары баға. QJL All Star құрамына енген ойыншылар:

- Кирилл Сатжанов

- Жәнібек Жайлаубек

- Мейірлан Балтабаев

- Нұрхан Қағазбаев

- Дамир Юсупбеков

- Расул Акимов

Сонымен қатар, QJ League-тің үздік ойыншыларынан жасақталған команданың бапкерлер штабы мен қызметкерлер құрамына да Академиямыздың өкілдері енгізілді:

- Игорь Маштаков – бас бапкердің көмекшісі;

- Сергей Ткачук – қақпашылар бапкері;

- Азамат Нұрмаханов – дәрігер;

- Станислав Ведлер – массажист.

Алматы қаласында QJL All Star командасының оқу-жаттығу жиыны басталып кетті. Ол 11 шілдеге дейін жалғасады. Академиямыздың алты футболшысы мен бірнеше маманының осы жобаға шақырылуы – «Шахтер» академиясында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың және жас ойыншыларды даярлау деңгейінің жоғары екенінің айқын дәлелі.

QJL All Star мен «Боруссия Мёнхенгладбах» арасындағы кездесу маусымның ең маңызды оқиғаларының бірі болмақ. Мұндай жобалар QJ League тәрбиеленушілеріне халықаралық деңгейде өздерін көрсетуге, құнды тәжірибе жинақтауға және қазақстандық футболдың дамуына өз үлестерін қосуға зор мүмкіндік береді.

Матч 11 шілде күні Алматыдағы «Хан-Тәңірі» стадионында өтеді. Жанкүйерлерге арналған ойыналды белсенділік аймағы сағат 18:30-да ашылады, ал матч 20:00-де басталады.

Академиямыздың футболшылары мен мамандарын лайықты шақыртуларымен құттықтаймыз! Оларға сәтті дайындық, жарқын ойын және QJL All Star сапында жаңа жетістіктер тілейміз!

Наверх