Жаңалықтары академия

25 June, 22:23

«ШАХТЕР»-2010 W КОМАНДАСЫНЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ СЕРГЕЙ МИХАЙЛОВИЧ ПОЛЕНОВТЫҢ МАТЧТАН КЕЙІНГІ СҰХБАТЫ

Ең алдымен, бүгінгі ойынның нәтижесі матчтың жалпы көрінісіне толық сәйкес келгенін атап өткім келеді. Алаңда деңгейлері шамалас екі команда кездесті, сондықтан ойын барысында бастама кезек-кезек екі жаққа ауысып отырды.

Бұл кездесуді міндетті түрде жан-жақты талдап, негізгі сәттерді саралап, тиісті қорытындылар жасаймыз. Қызылордадағы ойыннан кейін құрамда айтарлықтай қиындықтар туындады — бірнеше футболшымыз жарақат алып қалды. Өкінішке қарай, «джокер» ретінде сенім артқан ойыншылардың барлығы бүгінгі матчқа дейін толық қалпына келе алмады. Солардың ішінде тек Айым Диханбай ғана алаңға шыға алды. Айым бүгінгі матчты өте жоғары деңгейде өткізді.

Бүгін ойлаған жоспарларымыздың барлығын жүзеге асыра алған жоқпыз. Дегенмен чемпионаттың басты мақсатының бірі — команданың да, ойыншылардың да дамуы, тәжірибе жинақтауы және әр матч сайын шеберліктерін арттыруы.

Қыздарыма алаңдағы жанкештілігі мен ойынға деген жауапкершілігі үшін алғыс айтамын. Олар бүгін өздерінің қазіргі деңгейіне сай ойын көрсетті. Команданың барлық жақсы әрекеттері — футболшылардың еңбегінің нәтижесі. Ал орындалмай қалған тұстар үшін жауапкершілікті бас бапкер ретінде өз мойныма аламын.

Сондай-ақ қарсылас командаға тартысты әрі сапалы ойын үшін ерекше алғыс білдіремін. Матч көрермендер үшін қызықты өтті. Алаңның әр бөлігінде қызу күрес болды, екі команда да жеңіске жетуге ұмтылды. Сондықтан бүгінгі нәтиже заңды деп есептеймін. Менің ойымша, бүгін ешбір команда екі ұпай жоғалтқан жоқ, керісінше әрқайсысы бір ұпайдан еншіледі.

Наверх