Бұл формат клубтың жас футболшыларын кәсіби құрылымға кезең-кезеңімен енгізуге бағытталған жаңа стратегияның бір бөлігі болып табылады. Аталған модель футболшылардың балалар-жасөспірімдер деңгейінен бастап негізгі құрамға дейін жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.
Аталған оқу-жаттығу жиындары — жаңа футбол маусымына дайындық аясындағы екінші кезең. Биылғы маусым алдындағы жұмыстардың ерекшелігі — жиындардың ерте басталуы және әртүрлі жастағы командалардың бірлескен жаттығу процесіне қатысуы. Негізгі және қосалқы құрамдармен қатар, алдағы маусымда QJ League чемпионатына қатысатын «Шахтёрдің» 2009 және 2010 жылы туған жасөспірімдер командалары да жаттығу үдерісіне тартылды.
Бұл тәсіл командалардың әлеуетін арттыруға, әр буын арасындағы тәжірибе алмасуға және болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды біртұтас жаттығу жүйесіне жүйелі түрде енгізуге бағытталған.
Осындай форматты жүзеге асыру Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турловтың спорттағы жастарды қолдауға бағытталған кең ауқымды стратегиясының аясында мүмкін болды. Бұған дейін Freedom Holding Corp. компаниясының «Шахтёр» футбол клубын сатып алғаны белгілі. Футбол клубтарын жекешелендіру Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.
Клубты сатып алғаннан кейін оның дамуының негізгі бағыттары айқындалды. Басым бағыттардың бірі — өз тәрбиеленушілерін жүйелі түрде даярлау. Freedom Holding Corp. пен облыс әкімдігі арасында Қарағанды өңірінде кәсіби футболды дамыту туралы меморандумға қол қою барысында өткен баспасөз мәслихатында Тимур Турлов атап өтті:
«Біздің мақсатымыз — тез нәтиже үшін шетелдік ойыншыларды сатып алу емес. Ең бастысы — жас кезеңінен бастап таланттарды дамытатын тұрақты жүйе құру. Бұл қазақстандық балаларға өсіп, өз ісінің кәсіби маманы болуға мүмкіндік береді».
Жастар командаларын ортақ жаттығу цикліне енгізу ойыншылардың үздіксіз даму траекториясын қалыптастыруға, клуб жүйесінің әр деңгейі арасындағы байланысты нығайтуға және кадрлық әлеуеттің жалпы деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Клубтың басты мақсаты — Қазақстан футболының аңызға айналған «Шахтёр» клубының бұрынғы даңқын қайта жаңғырту. Алайда, Тимур Турловтың айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмыс қажет:
«Біз аңызға айналған клубты қайта жаңғыртамыз, оның жұмысын қайта жүйелеп және жаңа жеңістерге — соның ішінде еурокубоктарға да — жетуге ұмтыламыз. Қазір клуб айналасында қалыптасып жатқан команда бүкіл қазақстандықтар мақтан тұтатындай нәтиже көрсететініне сенемін. Біз жылдам әрі көрсетілім үшін ғана жасалатын табыстардың соңынан қумаймыз — ұзақ мерзімді жұмысқа басымдық береміз».
Маусым алдындағы дайындықтың екінші кезеңі аяқталғаннан кейін команда Түркияда оқу-жаттығу жиындарын жалғастырып, сол жерде «Шахтёр» футбол клубының алдағы маусымға арналған негізгі құрамы түпкілікті қалыптастырылады.

Шахтёр
Түркістан



