Клуб жаңалықтары

17 July, 16:25

«ШАХТЕР» КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ АНДРЕЙ ФИНОНЧЕНКОНЫҢ «БАТЫРМЕН» ӨТКЕН МАТЧТАН КЕЙІНГІ ПІКІРІ

— Баршаңызды жеңіспен құттықтаймын! Ең бастысы – біз оң нәтижеге қол жеткіздік. Матч бойы ойын тізгінін өз қолымызда ұстап, допты бақыладық және көптеген гол соғатын мүмкіндіктер жасадық. Екі гол соқтық, алайда бұдан да көп гол соғуға мүмкіндік болды. Әзірге шабуылдарды нәтижелі аяқтау жағынан кемшіліктер бар, бірақ бұл бағытта алдағы уақытта жұмысымызды жалғастырамыз.

Бұл кездесуге жан-жақты дайындалдық, қарсыластың ойынын егжей-тегжейлі талдадық. «Батыр» – допты бақылауға ұмтылатын жақсы команда. Сондықтан ойыншыларға қарсыласқа жақын ойнап, белсенді прессинг қолдану туралы тапсырма бердік. Бұл жоспарымыз өз нәтижесін берді. Командалық жоғары прессингтің арқасында допты тартып алып, Рифат Нұрмұғамет шабуылды сәтті аяқтады.

Жанкүйерлерімізге ерекше алғыс айтқым келеді. Олар бізді тек өз алаңымызда ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде өтетін матчтарда да қолдап келеді. Мұндай қолдау футболшылар үшін үлкен мотивация береді. Мен әрдайым жігіттерге: «Біз ең алдымен жанкүйерлер үшін ойнаймыз», – деп айтып жүремін. Бүгін бізбен бірге болған барша жанкүйерге үлкен рақмет!

Өкінішке қарай, жарақат алған ойыншыларымыз бар. Қазіргі таңда Данила Васильченко, Максим Галкин және Роман Асылбаев жарақатына байланысты қатардан тыс қалып отыр. Дегенмен, қуантатыны – құрамда кез келген сәтте алаңға шығып, әріптестерінің орнын лайықты алмастыра алатын футболшылар жеткілікті. Бүгін алаңға шыққан жігіттер де өз мүмкіндіктерін дәлелдеп, қойылған міндеттерді жоғары деңгейде орындауға дайын екенін көрсетті.

Жалпы, команданың ойынына көңілім толады. Әрине, әлі де жетілдіретін тұстар бар, әрқашан өсуге мүмкіндік болады. Бірақ ең бастысы – сырт алаңда жеңіске жеттік, үш ұпай еншіледік және өз қақпамызға гол жіберген жоқпыз.

 

Наверх