Оқу-жаттығу жиындары туралы:
— Жиындар әрдайым ерекше әсер сыйлайды. Иә, жаттығу үдерісіне қайта кірісу кезінде белгілі бір қиындықтар болады, бірақ соған қарамастан көңіл-күй өте жақсы. Қазір дайындық кезеңі жүріп жатыр, бұл уақытта алдағы жұмыстың берік іргетасын қалау аса маңызды. Ең бастысы — біз болашаққа позитивті оймен қарап отырмыз. Командаға жаңа ойыншылар қосылуда, олар біртіндеп бейімделіп келеді. Ұзақ адаптация қажет болмайды деп ойлаймын, себебі менталитетіміз көп жағдайда ұқсас. Барлығы қалыпты жұмыс ырғағында өтуде. Біз бір-бірімізді қолдап, көмектесіп, кеңес беріп отырамыз, соның арқасында сенімді қарым-қатынас қалыптасып, ұйымшыл ұжым құрылады.
Михаил Габышев туралы:
— Мишамен (Михаил Габышев) біз бұрыннан таныспыз. Өткен маусым ол үшін алған жарақатына байланысты өте ауыр болды — ол қатты уайымдады, команда да бірге уайымдады. Бірақ, Құдайға шүкір, қазір бәрі жақсы. Бұл — мінезі мықты жігіт. Қалпына келу кезеңінде оның қалай уайымдап, қаншалықты табанды еңбек еткенін өз көзіммен көрдім. Қазір ол болашаққа үмітпен қарап, күн сайын бар күшін салып, бұрынғы бабына қайта келуге, одан да мықты болуға ұмтылуда. Мен оның бәрі міндетті түрде орындалатынына сенімдімін — оның еңбекқорлығы мен табандылығы оны бұрынғы деңгейіне қайта шығарады.
Мақсаттар туралы:
— Әр спортшы алдына үлкен мақсаттар қоюы керек. Егер жеңіске ұмтылмасаң, жаттығып, алаңға шығудың мәні қандай? Мен де, клуб та өз мүмкіндіктерімізге сай ең жоғары мақсаттарды көздейміз. «Шахтёрде» осы мақсаттарға жету үшін мықты футболшылар іріктелуде. Бізде өз ісін жақсы білетін, нақты міндеттер қоятын және заманауи футбол философиясын қалыптастыратын бапкерлік штаб бар. Олар бізге бағыт-бағдар береді, ал біздің міндетіміз — мұқият тыңдап, барлық талаптарды орындау.
Жанкүйерлер туралы:
— Жанкүйерлерімізге сәлем жолдап, алғыс айтқым келеді. Тумысынан қарағандылық ретінде олардың команданы қалай уайымдап, әрдайым сеніп, қолдайтынын көріп жүрмін. Оларға шынымен де құрмет көрсету керек. Биылғы маусымда жанкүйерлерімізге біз үшін ұялуға тура келмейтініне сендіргім келеді.
Клубқа амбициясы бар, футболды жақсы түсінетін жандардың келгені байқалады — бұл басқару деңгейінде де, басшылықта да көрініс табуда. Қазір жұмыс қалай ұйымдастырылып жатқанынан-ақ соны аңғаруға болады. Барлық құпияны ашпаймын — уақыт өте келе жанкүйерлердің бәрі өз көздерімен көріп, бәрін түсінеді. Алда бізді үлкен жол күтіп тұр. Бірлескен күш-жігердің арқасында міндетті түрде нәтижеге жетеміз.

Шахтёр
Түркістан



