«Шахтердің» негізгі құрамында алаңға Игорь Шацкий (капитан), Даулет Зайнетдинов, Лев Скворцов, Рафаиль Оспанов, Владислав Прокопенко, Қасымжан Таипов, Диас Қалыбаев, Рифат Нұрмұғамет, Нұралы Азатқазы, Руслан Белобородый және Андрей Ульшин шықты.
Кездесу алаң иелері үшін сәтсіз басталды. Матчтың 9-минутында қонақтар сол қаптал арқылы ұйымдастырған шабуылды нәтижелі аяқтап, есеп ашты. Алайда «кеншілер» көп ұзамай таразы басын теңестірді. 29-минутта бұрыштамадан орындалған комбинациядан кейін Диас Қалыбаев допты Рифат Нұрмұғаметке бағыттады. Ол баспен дәл соққы жасап, есепті 1:1-ге жеткізді.

Екінші таймда бас бапкер Андрей Финонченко ойынға тың серпін беру үшін бірқатар өзгерістер жасады. Алаңға Артем Литош, Расул Акимов, Александр Мигунов және Мирас Көбеев шығып, команданың шабуылдағы қарқынын едәуір күшейтті.
77-минутта Руслан Белобородый жоғары прессинг кезінде допты тартып алып, Расул Акимовқа пас берді. Ол допты Артем Литошқа ыңғайлы қалдырып, шабуылшының жойқын соққысы қақпаның жақын бұрышынан дәл табылды — 2:1.
Арада жеті минут өткенде Арман Нүсіп қарсыластан допты тартып алып, Артем Литошты шабуылға шығарды. Оң қапталмен алға ұмтылған шабуылшы алыстағы бұрышты дәл көздеп, дубль авторы атанды — 3:1.
89-минутта Артем Литош матчтағы үшінші голын соғып, хет-трик авторы атанды әрі ойынның қорытынды есебін белгіледі — 4:1.
Бұл жеңіс «Шахтер» үшін биылғы маусымдағы сегізінші жеңіс болса, Артем Литош маусымдағы голдарының санын 13-ке жеткізіп, Бірінші лиганың үздік сұрмергендері арасындағы орнын нығайта түсті.




