– Бірінші лигадағы жаңа маусым сәуірде басталады. Қазір команда қалай дайындалып жатыр? Тактикалық тұрғыда қандай бағыттарға басымдық берілуде?
– Қазір үлкен мерекелік кезең аяқталды, бүгіннен бастап Шымкентке аттанамыз. Сол жақта алдағы матчқа дайындықты жалғастырамыз. Қарсыласты жан-жақты зерттеп, ойынға нақты жоспар құруға тырысамыз. Бірінші ойын болғандықтан, қарсылас туралы толық ақпарат жоқ. Бірақ олардың құрамында Қазақстан жастар құрамасына шақырылған бірнеше ойыншы бар екенін білеміз. Сондықтан бұл – жауапты матч. Шымкентте осының бәрін егжей-тегжейлі пысықтаймыз.
– Өткен маусымда сіз командамен бірге Бірінші лигада жұмыс істедіңіз. Бұл тәжірибе жаңа маусымда қаншалықты көмектеседі?
– Шынымды айтсам, бұл мен үшін үлкен сынақ болды. Қазақстан премьер-лигасы мен Бірінші лиганың деңгейін салыстыруға келмейді. Бірінші лигада тәжірибесі аз, бірақ футболға шын берілген, алаңда барын салатын, көп жүгіріп, белсенді прессинг жасайтын жігіттер ойнайды. Былтыр соның бәрін көзбен көріп, өзіме белгілі бір қорытындылар жасадым. Бұл маусымда сол тәжірибем көмектеседі деп ойлаймын.
– Өзіңіз «Шахтер» сапында жүріп 400-ден астам матч өткіздіңіз. Сол еңбегіңіз ескеріліп, есіміңіз Даңқ залына енгізілді. Бұл жайт сіз үшін күтпеген жаңалық болды ма?
– Иә, бұл мен үшін үлкен тосынсый болды. Шынымды айтсам, мүлде ойлаған жоқпын. Концерт кезінде шақырып, «мына жерге отырыңыздар, қазір шығасыздар, дайындалыңыздар» дегенде ғана білдім. Бұл – мен үшін үлкен құрмет.

– «Шахтердің» аңыз футболшыларының бірісіз. Ойыншы ретінде карьераңызды еске алсақ, ең маңызды кезең қайсы болды?
– Чемпиондыққа жеткен сәттерді ерекшелеп айта аламын. Жас кезімде клубтың үздік сұрмергені атандым, бірақ команда ретінде нәтиже төмен еді. Ал Виктор Кумыков келгеннен кейін, құрам күшейіп, 2011-2012 жылдары жеңімпаз атандық. Қарағанды тарихындағы алғашқы чемпиондық – мен үшін ұмытылмас сәт.
– Сізге басқа клубтардан ұсыныстар болғаны белгілі. Бірақ «Шахтерде» қалдыңыз. Бұл шешімге өкінген жоқсыз ба?
– Жоқ, ешқашан өкінген емеспін. Маған ұсыныстар болды, мысалы, «Қайрат» жақсы келісімшарт ұсынды. Бірақ мен туған қаламды, жанкүйерлерімді, жақын адамдарымды таңдауды жөн көрдік. Себебі әр матчты ата-анам, достарым трибунада отырып тамашалайтын. Сол эмоцияны ештеңеге айырбастағым келмеді.
– Еурокубоктағы ойындарда қандай сезімде болдыңыз?
– Әрине, бұл үлкен жауапкершілік. Чемпиондар лигасына шығуға мүмкіндігіміз бар еді. Өкінішке қарай, сәті түспеді.
Рас, қысымның жоғары болғаны анық, жанкүйерлер де, өзіміз де келесі кезеңге өтеміз деп үміттендік. Ол да әсер еткен шығар. Бірақ қысым деген – спортшы үшін қалыпты нәрсе. Ойын басталғанда бәрін ұмытып, тек өз міндетіңді орындауға кірісесің.
– Карьераңыздағы ең есте қалған матч туралы айтып берсеңіз...
– «Селтикке» қарсы ойын. Толық стадион, ерекше атмосфера – мұндай матчтар ешқашан ұмытылмайды. Қарымта ойын да керемет өтті. Ондай стадионда өнер көрсетудің өзі бөлек сезім сыйлайды.
– «Астана Аренадағы» кездесуде Вирджил ван Дейкті сан соқтырдыңыз. Кейіннен әлемнің үздік қорғаушыларының біріне айналды.
– Ол кезде оның қандай деңгейге жететінін білген жоқпыз. Алаңға шыққан соң барыңды салып ойнау – сенің басты міндетің. Қарсыласың кім, оның атақ-дәрежесі қандай деген сауалдарға бас қатырмауың қажет. Біз де тек өз жұмысымызды істедік. Бірақ оның кәсібилігі бірден байқалғанын жасырмаймын.
– Ал футболшыдан бапкерлікке өту қаншалықты қиын болды?
– Әрине, оңай емес. Тіземнен бірнеше операция жасалды, сондықтан ойыннан кетуге мәжбүр болдым. Біртіндеп бапкерлікке ден қойдым. Шабуылшылармен біраз жұмыс істедім, тәжірибемді бөлісуге тырыстым. Негізгі талап – нәтиже. Шабуылшы гол соғуы керек, әйтпесе оның құны болмайды. Сен неғұрлым көп гол соқсаң, саған деген назар да көбейеді. Сол үшін аянып қалмау керек. қозғалыс, жүгіру және күрес – футболдың принциптері осы. Шәкірттеріме соны жеткізгім келеді.
– Команда бұған дейін біраз қаржылық қиындықты бастан өткерді. Мұндайда мотивацияны сақтап қалу қаншалықты қиын?
– Иә, ауыр кезеңдер болды. Айлап жалақы алмадық. Бірақ бәрібір жаттығуға шығып, ойынға қатыстық. Әсіресе легионерлерге қиын болды, себебі олар ақша табу үшін келеді. Сондықтан мұндай жағдайда нәтиже көрсету де оңай емес. Бірақ бұл да футболдың бір бөлігі.
– Осындай қиындықтардан кейін «Шахтерге» ірі меценат келеді деген жаңалықты қалай қабылдадыңыздар?
– Шынымды айтсам, соңына дейін сенбедім. Өйткені Қарағандыда мұндай жаңалықты көп жылдан бері күтіп келдік. Бұл – футболы бар, дәстүрі бар үлкен өңір. Қазір балалар мен жасөспірімдер футболға көптеп келіп жатыр. Ал инфрақұрылым мәселесі о бастан өзекті болатын.
Қазір құрылыс басталғанын көріп отырмыз, демек бұл іске келген адамның амбициясы да үлкен деген сөз. Ол тек клубқа емес, тұтас Қарағанды облысының футболына инвестиция салып жатыр. Бұл – болашақ үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Ендігі кезек – жастарда. Жағдай жасалып жатыр, әрі қарай олар да өз мүмкіндіктерін көрсетуі керек. Бапкерлердің айтқанын орындап, барын салса – нәтиже де болады.
– Бұл жоба ұзақмерзімді болады деп ойлайсыз ба?
– Солай деп үміттенемін. Мұндай ауқымды инвестиция мен инфрақұрылымды бір-екі жылда тастап кету мүмкін емес. Демек, бұл – ұзақ жылдарға арналған жоба.
– Қазіргі «Шахтердің» басты мақсаты қандай?
– Біз қысқа мерзімді нәтиже үшін емес, болашақ үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жастарға сенім артамыз. Бұл – тәуекел, бірақ үлкен жетістікке жетудің жолы да осы. Алдымызда ұзақ жол бар, бірақ дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын.
– Команда негізінен жастардан құралған. Құрамды жасақтау процесі қалай жүрді?
– Әр позицияның өз ерекшелігі бар. Сондықтан біз әр орында ең мықты деген ойыншыларды таңдауға тырыстық. Қазір футболшы тапшы екенін өздеріңіз де білесіздер. Премьер-лига кеңейді, командалар көбейді, ал сапалы ойыншылар саны шектеулі. Бұл тек Қарағандыға емес, жалпы Қазақстан футболына тән мәселе.
Сондықтан мұндай жобалар бірден нәтиже бермейді. Мысалы, «Қайрат» та бір күнде үлкен клубқа айналған жоқ. Бұл – жылдармен келетін процесс.
– Қазіргі футболшылардың бойында сіздердің буындағыдай жеңіске деген аштық бар ма?
– Әр футболшы – жеке тұлға. Барлығына бірдей баға беру қиын. Біреу сабырлы, біреу қызуқанды. Ең бастысы – әр ойыншыға дұрыс тәсіл табу. Оның мықты тұстарын дамытып, әлсіз жақтарын жетілдіру керек.
Команда нәтижеге жетуі үшін өзара үйлесім қажет. Бұл дегеніміз – алаңға біртұтас ұжым болып шығу керек дегенді білдіреді. Жігер, мотивация, жеңіске деген сенім болуы керек. Мұны өз-өзіңді тым асыра бағалау деп емес, сенімділік деп түсінген жөн.
Футбол – командалық ойын. Бір ойыншы жүгірмей қалса немесе тәртіп сақтамаса, ұжымда нәтиже болмайды. Сондықтан ойын тәртібі, бапкер тапсырмасын орындау – негізгі фактор. Тәртіп арқылы шеберлікті жеңуге болатыны туралы тәмсіл бекер айтылмаса керек-ті.
– Бірінші лигадағы бәсекелестікті қалай бағалайсыз?
– Бәсекелестік өте жоғары. Негізгі тартыс 5-6 команда арасында жүреді деп ойлаймын. Бұл дегеніміз өзге ұжымдарды елемеуге болады деген сөз емес. Бәріне қатар дайындаламыз.
Әлгінде құрам жастардан жасақталғанын айттық қой. Бірақ оның да өз артықшылығы бар. Себебі жастардың бойында қорқыныш деген сезім жоқ, олар тәуекелге бара алады, өздерін барынша дәлелдеуге тырысады.
– ҚПЛ-ға шығу қаншалықты қиын міндет?
– Бұл – өте күрделі мақсат. Бір маусым бойы тұрақты жұмыс қажет. Көпшілік ойлағандай оңай емес. Команда алты оқу-жаттығу жиынын өткізді, ойыншылар ұзақ уақыт отбасынан жырақта болды. Бұл – үлкен еңбек пен төзімділікті талап ететін процесс.

– Қазақстан футболында жекеменшік клубтардың көбеюі бәсекелестікті арттыра ма?
– Әрине, арттырады. Клубқа қаржы құйған адам нәтиже талап етеді. Бұл – табиғи процесс. Сонымен қатар жұлдыз ойыншылар келеді, жастар соларға қарап өседі. Бұл чемпионаттың деңгейін көтереді.
Бұл жобалар қысқа мерзімге емес, ұзақ жылдарға есептелуі керек деп ойлаймын, өйткені футболды бір жылда өзгерту мүмкін емес.
– Жанкүйерлерге не уәде бере аласыз?
– Ең алдымен, күрес болады деп сеніммен айта аламын. Қызықты чемпионат күтіп тұр. Ал нақты нәтиже туралы маусым соңында айта жатармыз.
Мадина Асылбекова

Кайрат-Жастар
Шахтёр
Түркістан
