«Шахтёр» W командасының негізгі құрамында алаңға Айым Диханбай, Александра Набокова (к), Камила Маммадова, Диана Жақсыбекова, Ругая Гаджиева, Малика Сарсен, Айсана Зекен, Айкүнім Рысбекова, Адеми Өміртай, Саида Дүйсембаева және Айтурған Құрманбекова шықты.

Матчтың 2-минутында Малика Сарсен қауіпті соққы жасап, алайда қонақтардың қақпашысы допты қайтарып үлгерді. Айкүнім Рысбекова оң қапталда белсенді ойын көрсетіп, айып алаңына бірнеше қауіпті пас асырды.
Ойын тізгінін қолға алғанына қарамастан, есепті қонақтар ашты. 13-минутта Эльвина Квасова өз командасының алғашқы шабуылын голмен аяқтап, «Оқжетпесті» алға шығарды – 0:1.
Өткізіп алған голдан кейін «Шахтёр» W ойыншылары шабуылдарын үдете түсті. 21-минутта команданың жаңа ойыншысы Айсана Зекен дебюттік кездесуінде есепті теңестірсе, араға сегіз минут салып Малика Сарсен қарағандылық ұжымды алға шығарды – 2:1.

Бірінші таймның соңында «Оқжетпес» екі қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алайда бүгінгі матчта жарақатына байланысты алаңға шыға алмаған Арина Тихонованың орнына ойнаған қақпашы Айым Диханбай сенімді өнер көрсетіп, екі бірдей қауіпті соққыны қайтарды және қақпасынан дер кезінде шығып, командасын бірнеше рет құтқарып қалды.
Үзілістен кейін де «Шахтёр» W ойын тізгінін өз қолында ұстай білді. 56-минутта бұрыштамадан кейін Камила Маммадова дәл соққымен есеп айырмасын ұлғайтты – 3:1.

Үш минуттан соң команданың тағы бір жаңа ойыншысы Айкүнім Рысбекова «Шахтёр» W сапындағы алғашқы голын соғып, есепті 4:1-ге жеткізді.
75-минутта «Оқжетпес» қорғаушылары өз айып алаңында ереже бұзды. Белгіленген пенальтиді команда капитаны Александра Набокова мүлтіксіз орындап, матчтың қорытынды есебін белгіледі – 5:1.

Бауыржан Жаров шәкірттері нәтижелі шабуыл мен сенімді қорғанысты үйлестіре отырып, жанкүйерлеріне жарқын ойын сыйлап, кезекті маңызды жеңіске қол жеткізді.


Тобыл М
Шахтёр


