Жаңалықтары академия

24 July, 18:41

ФУТБОЛ ТАЛАНТТАРЫ ҚАРАҒАНДЫДА ТӘРБИЕЛЕНУДЕ

Қарағандыда «Шахтер» футбол клубының академиясы қарқынды дамып келеді. Бүгінде ол Қазақстандағы жас футболшыларды даярлайтын ең ірі орталықтардың біріне айналуда. Қазірдің өзінде мұнда еліміздің түрлі өңірлерінен келген дарынды балалар жаттығып, клуб жас таланттарды іздеу мен дамыту жүйесін кеңейтуді жалғастыруда.

Соңғы бір жыл ішінде академияның инфрақұрылымы айтарлықтай жаңартылды. Мұнда теориялық сабақтарға арналған аудиториялар, жаттықтырушылар кабинеттері, сондай-ақ матчтар мен жаттығуларды бейнеталдауға арналған арнайы бөлмелер жабдықталған. Жас футболшылармен тек жаттықтырушылар ғана емес, дене даярлығы бойынша мамандар, аналитиктер, психолог, дәрігер-реабилитолог, әдіскер және қақпашылар бапкері жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды анықтайтын скауттық бөлім өз жұмысын жолға қойған.

Бүгінде академияда Павлодар, Астана, Тараз, Талдықорған, Қостанай және еліміздің өзге де қалаларынан келген жас футболшылар білім алып, жаттығуда. Басқа өңірлерден келген тәрбиеленушілер үшін тұру, тамақтану және оқу мүмкіндіктері толық қамтамасыз етілген. Академия командалары QJ League додасына қатысып, жоғары деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинақтауда.

Бұл жобаның дамуы Freedom Holding Corp. компаниясы мен оның басшысы Тимур Турловтың қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Көрсетіліп отырған қаржылық қолдау клубқа жаңа академия кешенінің құрылысы жүріп жатқан кезеңнің өзінде жас футболшыларды даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Осылайша инфрақұрылымды дамыту мен білім беру үдерісі құрылыс жұмыстарының аяқталуын күтпей-ақ қатар жүзеге асырылып келеді.

Академияның құрылуы тек клуб үшін ғана емес, тұтас өңір үшін де маңызды жоба саналады. Заманауи футбол даярлау орталығының ашылуы Қарағанды облысы мен еліміздің басқа өңірлеріндегі талантты балаларға Қазақстаннан шықпай-ақ кәсіби футбол білімін алып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, ол еліміздегі балалар мен жасөспірімдер футболын және спорттық инфрақұрылымды дамытудың үлгісіне айналуы әбден мүмкін.

Келесі іріктеу кезеңі 26–28 шілде аралығында «Шахтер» стадионының қосалқы алаңында өтеді. Іріктеуге Қазақстанның барлық өңірлерінен 2012 жылы туған футболшылар шақырылады. Үш күнге жоспарланған байқау бірнеше кезеңнен тұрады және жаттықтырушылар штабына әрбір қатысушының техникалық дайындығын, ойындық ойлау қабілетін, физикалық мүмкіндіктері мен әлеуетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Тамыз айында академия 2013 және 2014 жылы туған футболшыларға арналған тағы бір іріктеу өткізуді жоспарлап отыр.

Бүгінде өңірлерде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырған жағдайда мұндай жобалардың маңызы арта түсуде. «Шахтер» академиясы болашақ футболшыларды тәрбиелейтін орталық қана емес, сонымен қатар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беретін заманауи білім мен спорт кеңістігіне айналып келеді.

 

 

Наверх