— Біз 2025 жылы жасаған жоспар негізінде Академия тәрбиеленушілерін дайындау бағдарламасын құрдық. Ол оқу-жаттығу сабақтарын, жиындарды және түрлі турнирлерге қатысуды қамтиды. Қазіргі уақытта клуб инфрақұрылымы салынып жатқанын түсінеміз, сондықтан қысқы кезеңде балаларға барынша қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Мәселен, 2009 және 2010 жылы туған футболшылар Астана қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Қазір команда Шымкент қаласында өтіп жатқан «Арман» республикалық турниріне қатысып жатыр.
— Академияда бапкерлер мен ұйымдастырушылық құрамда өзгерістер болды. Жұмысқа жас әрі амбициясы жоғары мамандар келді. Академияның басшысы болып балалар мен жасөспірімдер футболында, сондай-ақ кәсіби футболда үлкен тәжірибесі бар Сергей Якушин тағайындалды. Ал үйлестіруші қызметін бұрын Қазақстан ұлттық құрамасында ойнаған, кейін сол құрамда бапкерлік қызмет атқарған Максим Жалмагамбетов атқарады. Бұл мамандар жас ерекшеліктері бойынша барлық командаларды қамтитын жүйелі жұмысты қалыптастыруда.
— Академия құрылымында жаңа бөлімдер ашылды. Атап айтқанда, ойыншыларды дамыту бөлімі құрылды. Оның құрамына фитнес-жаттықтырушы, қақпашылар бапкері және жаттығу үдерісінің әдістемелік бөліміне жауап беретін методист кірді. Сонымен қатар тәрбиеленушілермен дәрігер-реабилитолог, психолог, менталдық дайындық жаттықтырушысы және ойындарға талдау жүргізетін аналитиктер жұмыс істейді.
— Клуб тарихында алғаш рет скауттар бөлімі құрылды. Оның құрамына негізгі команданың бұрынғы шабуылшысы Айдос Таттыбаев пен клуб аңызы Руслан Иманкулов кірді. Олардың негізгі міндеті — Қарағанды облысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша дарынды футболшыларды анықтау.
— Академия командаларының алдына үлкен мақсаттар қойылған. Біздің мақсатымыз — QJ League турнирінде барлық жас санаттары бойынша чемпиондық үшін күресу. Сондықтан біз осындай ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Дайындық барысында заманауи технологиялар — IT шешімдері мен «ақылды» камералар қолданылып, ойыншылардың әлеуетін талдауға мүмкіндік береді.
— Академия құрылымы бірнеше деңгейден тұрады. Ең жоғары сатысында клубтың жастар командасы орналасқан. Одан кейін QJ League жас санатындағы командалар және 10 жастан 18 жасқа дейінгі академия топтары бар.
— Сонымен қатар биыл клубта Қазақстан чемпионатына қатысатын кәсіби әйелдер командасы құрылады. Ол да Академия құрылымының бір бөлігі болады.
— Жоғары нәтижелерге жету үшін клуб селекциялық жұмысты белсенді жүргізіп жатыр. Бізге тек Қарағандыда ғана емес, бүкіл республика бойынша мықты ойыншылар қажет. Бұл жұмыс өткен жылдың қараша айынан бастап жүргізілуде. Талантты футболшыларды шақыру үшін клубтың базасы жөндеуден өтті. Сол жерде шақырылған ойыншылар тұратын болады. Біздің мақсатымыз — ең мықты футболшыларды жинап, клуб ішінде дайындықтың толыққанды жүйесін қалыптастыру.

Шахтёр
Түркістан
