Ең алдымен, бай тарихы мен қалыптасқан дәстүрі бар «Шахтёр» секілді ірі клубтың құрылымында жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе екенін атап өткім келеді. Қарағандылық «Шахтёрдің» Қазақстан футболы тарихындағы ерекше беттерінің бірі — клубтың Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне қатысуы. Сондықтан біз жанкүйерлердің және клубқа бейжай қарамайтын барлық жандардың сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімізді саламыз.
Қысқа мерзімді мақсаттарға келсек, «Шахтёр» М жастар командасының алдына қойылған жалғыз міндет — Екінші лигада чемпион атану. QJ League чемпионатында біз чемпиондық үшін күресіп, жоғары жас санатындағы команданың УЕФА-ның жастар лигасына қатысуын мақсат етіп отырмыз. Әйелдер командасына қатысты айтсақ, «Шахтёр» әйелдер командасын Әйелдер лигасына қосу мақсатында Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолданды. Әйелдер командасының құрамын жасақтауда жергілікті тәрбиеленушілерге басымдық беріледі.
Ал негізгі «Шахтёр» командасының алдағы маусымдағы басты мақсаты — Бірінші лигада чемпион атанып, клубты Премьер-лигаға қайта оралу. Осы мақсатқа жету үшін команда құрамын жасақтау үдерісі басталып кетті. Қазіргі таңда көптеген футболшылар қаралымда жүр. Селекциялық қызмет оқу-жаттығу жиындары басталмай тұрып-ақ ауқымды жұмысты қолға алған болатын. Қазір Түркияда ойыншыларды қарау, сондай-ақ олардың мүмкіндіктерін жан-жақты бағалауға бағытталған техникалық-тактикалық және физикалық жаттығулар өтуде.
Біз заманауи технологияларды қолдана отырып, құрамды жасақтауға байланысты селекциялық және аналитикалық жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Үміткерлердің шорт-парағы жеткілікті кең. Олардың қатарында Премьер-лигада, Бірінші және Екінші лигаларда, сондай-ақ QJ League турнирінде тәжірибесі бар жас футболшылар бар.
Клуб үшін негізгі міндеттердің бірі — Академиядан бастап негізгі командаға дейінгі жүйелі жұмыс пен бірыңғай дайындық әдістемесін қалыптастыру. Біздің мақсаттарымыз айқын әрі амбициялы. Осы орайда Қазақстан футболы үшін бірегей деуге болатын маңызды жобаны — ойыншыларды дамыту бөлімін құруды ерекше атап өткім келеді. Елде алғаш рет біз жас әрі білікті мамандардан тұратын арнайы құрылым қалыптастырып отырмыз. Оның құрамына дене дайындығы бойынша жаттықтырушылар, қақпашылармен жеке жұмыс істейтін бапкерлер, менталдық дайындық мамандары, аналитиктер, скауттар, медициналық қызметкерлер мен оңалту мамандары кіреді. Бұл бөлімнің басты мақсаты — Қарағанды өңірінің және еліміздің өзге аймақтарындағы талантты футболшыларды жеке дамыту және жан-жақты сүйемелдеу.
Бұл жоспарларды жүзеге асыру клубтың жеке меншікке өтуінің, сондай-ақ QJ League жобасын табысты іске асыру тәжірибесі бар Тимур Турловтың стратегиялық көзқарасының арқасында мүмкін болды.
Біз дұрыс бағытта келе жатқанымызға сенімдіміз және жанкүйерлеріміздің сенімі мен үмітін ақтау үшін бар күшімізді саламыз.
Алға, «Шахтёр»! Алға, Қарағанды!
Тек алға!

Шахтёр
Түркістан



