Сол күні күзгі қар мен суыққа қарамастан, сүйікті командасына қолдау көрсетуге 18 900 жанкүйер жиналды! Мыңдаған дауыстың үні, толқынысқа толы сәттер мен командаға деген сенім - Қарағанды футболымен тыныстап, «кеншілердің» чемпион болатынына шын жүректен сенді!

Қар басқан алаңда матчтың басты қаһарманы Сергей Хижниченко болды. Ол дубль жасап, екі голдың авторы атанды. Оның нәтижелі соққылары «кеншілерге» 2:0 есебімен жеңіс сыйлап, Қазақстан чемпионатының көптен күткен алтын медальдарына жеткізді!

Виктор Кумыковтың жетекшілігімен «Шахтёр» клуб тарихының жаңа бетін ашып, қалаға ұмытылмас мереке сыйлады. Бұл жеңіс команданың басты күші мінез бен бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сол тарихи матчта «Шахтёр» сапында негізгі құрамда алаңға шыққандар:
Александр Мокин, Қайрат Утабаев, Алдин Джидич, Никола Василевич, Александр Киров, Ұлан Қонысбаев (Серик Досманбетов, 87’), Максат Байжанов (Душан Петрониевич, 87’), Гедиминас Вичус, Жамбыл Кукеев (Вадим Боровский, 83’), Сергей Хижниченко, Андрей Финонченко.

«Шахтёрға» қарсы «Астананың» да жұлдызды құрамы жасақталды: Ненад Эрич, Михаил Рожков, Қайрат Нұрдәулетов, Марк Гурман, Дмитрий Шомко, Андрей Карпович, Марат Шахметов (Максим Жалмагамбетов, 84’), Нұрбол Жұмасқалиев, Драган Богавац, Анатолий Дорош (Роман Пахолюк, 46’), Игорь Бугаев.

«Шахтёрдың» бас бапкері Виктор Кумыковқа қарсы германиялық маман Фак Хольгер бастаған «Астана» командасы тұрды. Тарихи матчқа қазақстандық төрешілер бригадасы қызмет көрсетті: бас төреші - алматылық Қайрат Сламбеков, қапталдағы төрешілер - тараздық Александр Полуэктов пен Сергей Чжен.

2011 жылдың 29 қазаны. «Шахтёр» - Қазақстан чемпионы!
Бұл - Қарағанды көптен күткен, жету үшін талай күш жұмсаған және бүгінге дейін мақтан тұтатын чемпиондық!

Бұл жай ғана жеңіс емес. Бұл - қаламыздың тарихы, клубымыздың мақтанышы және жанкүйерлердің жүрегінде мәңгі сақталатын ұмытылмас сәт!


Шахтёр
Кайрат-Жастар


