Клуб жаңалықтары

4 July, 09:33

АНДРЕЙ ФИНОНЧЕНКОНЫҢ МАТЧТАН КЕЙІНГІ ПІКІРІ

Шымкентте өткен маңызды кездесуде «Шахтер» сырт алаңда «Академия Оңтүстік» командасын 2:1 есебімен жеңгеннен кейін бас бапкер Андрей Финонченко ойын қорытындысымен бөлісті.

— Барлық жанкүйерлерімізді маңызды жеңіспен құттықтаймын! Матч өте ауыр өтті. Жалпы, бізге қарсы барлық командалар ерекше дайындықпен шығады. «Академия Оңтүстік» — жақсы команда. Жігіттері соңына дейін күресіп, барын салды.

Ойынның мазмұнына толық көңілім толды деп айта алмаймын, алайда ең бастысы — нәтижеге қол жеткіздік. Кездесудің соңында қарсыласты қыспаққа алып, жеңіс голын соқтық. Ең маңыздысы — үш ұпай еншіледік.

Бұл біз үшін оңай болған жоқ. Қатарынан екі сырт алаңдағы матч өткіздік — «Тараз» және «Академия Оңтүстік» командалармен. Жігіттер тапсырманы орындады, сол үшін оларға алғысымды білдіремін. Жоспарлағанымыздай, сырт алаңдағы екі ойыннан алты ұпай жинадық.

Келесі қарсыласымыз туралы айтсақ, алдымен үйге жетіп, аздап тынығып алуымыз керек. Содан кейін бірінші орынға таласып жатқан «Тұранға» қарсы матчқа дайындықты бастаймыз. Барлық ойыншылар алдағы кездесудің маңыздылығы мен жауапкершілігін жақсы түсінеді. Дайындығымызды жалғастырамыз.

Наверх