Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ Андрей Финонченко шәкірттері чемпионат көшбасшысы әрі кездесудің фавориті екенін дәлелдеді. «Кеншілер» ойын тізгінін толық бақылауда ұстап, басымдық танытты және алаң иелеріне қауіпті сәттер жасауға мүмкіндік берген жоқ.
«Шахтердің» негізгі құрамында алаңға: Никита Килджиев, Рифат Нұрмұғамет (капитан), Дәулет Зайнетдинов, Қасымжан Таипов, Данила Васильченко, Александр Мигунов, Арман Нүсіп, Рафаиль Оспанов, Максим Галкин, Алан Азамат және Артем Литош шықты.
Есеп матчтың 57-минутында ашылды. Бұрыштамадан кейін команда капитаны Рифат Нұрмұғамет баспен әдемі гол соғып, «Шахтерды» алға шығарды.
Екінші гол да көп күттірген жоқ. 68-минутта алаңға шыққан Роман Асылбаев арада екі минут өткенде қарсылас қақпасынан саңылау тауып, командасының басымдығын еселей түсті.
Кездесудің соңына дейін қарағандылық клуб ойынды сенімді бақылауда ұстап, матчты жеңіспен аяқтады — 2:0.

Айта кетейік, «Шахтердің» 17 жастағы қақпашысы Никита Килджиев маусымдағы бесінші «құрғақ» матчын өткізді. Жас голкипер биылғы чемпионатта әлі бірде-бір гол жіберген жоқ.
Осылайша, Андрей Финонченко жетекшілік ететін команда бес турдан кейін жеңіліссіз сериясын жалғастырып, турнир кестесіндегі көшбасшылық орнын сақтап келеді.


Шахтёр
Экибастуз
