- Ең алдымен, баршаңызды жеңіспен құттықтаймын! Жақсы ойын болды, төрт гол соқтық. Жалпы, ойын өрнегіне көңілім толады. Дегенмен, әсіресе бірінші таймда, әлі де назар аударатын сәттер болды. Үзілісте жігіттерге алаңда белгілі бір түсініксіздік байқалғанын айттым: үш ойыншы алға ұмтылады да, жеті ойыншы артта қалады. Сондықтан алаңның ортасында белгілі бір мәселелер болды.
Екінші таймда біз өз түзетулерімізді енгіздік. Ең бастысы — алаңда қажетті жинақылыққа қол жеткіздік. Оған қоса, үзілістен кейін тез гол соқтық. Бұл бізге ойынды сабырлы түрде логикалық нәтижесіне жеткізуге мүмкіндік берді.
Бірақ матчтан кейін жігіттерге айтқан ең маңызды сөзім: әлі ештеңе аяқталған жоқ. Иә, біз ҚПЛ-ға жолдама алдық, бұл - үлкен жетістік. Бірақ біздің мақсатымыз - бірінші орын үшін күресу. Сондықтан қазір, маусымның осы кезеңінде, соңғы ойындарда қарқын бәсеңдетуге болмайды. Ең бастысы - әр ойынға барынша жоғары деңгейде дайындалып, тиісті көңіл күймен шығу. Мен жігіттерге сенемін. Олар мені тыңдайды, мен үшін ең маңыздысы - осы. Біз алға жылжып келеміз.
Биылдан бастап біздің Академиямыз жұмыс істей бастады. Сондықтан барлық жас футболшылардың дамуын жіті бақылауға тырысамын. Олардың кәсіби деңгейге тезірек өсіп, болашақта негізгі командаға көмектескенін қалаймын. Қазір командамызда жүрген жас футболшыларды да дамыту, жаттықтыру, оларға қажетті функционалдық дайындық беру - қысқасы, кәсіби футболшы ретінде өсуіне қажет жағдайдың бәрін жасау маңызды. Сондықтан әрқайсысы біздің назарымызда. Біз әріптестерімізбен, Академия жаттықтырушыларымен үнемі байланыста болып, футболшылардың дамуын талқылап отырамыз. Олардың алға жылжуы және командаға пайдасын тигізуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
Әрине, команданы жанкүйерлер қолдаған кезде әрқашан қуаныштысың. Бұл футболшылар үшін өте маңызды. Қазіргі стадионымыз бұдан да көп көрермен қабылдауға мүмкіндік бермейді. Бірақ келесі жылы Орталық стадионға ауысамыз деп үміттенемін. Оның сыйымдылығы әлдеқайда жоғары. Жанкүйерлердің де командаға келіп, қолдау көрсететініне сенімдімін. Қарағандыда футболды жақсы көреді. Ал біз осы сүйіспеншіліктің жыл өткен сайын арта түсуі үшін бар күшімізді салғымыз келеді.

Шахтёр
Хан-Тәңірі


