Клуб жаңалықтары

19 June, 20:34

«ШАХТЕРДІҢ» ІРІ ЕСЕПТІ ЖЕҢІСІ!

Бірінші лиганың 10-туры аясында «Шахтер» футбол клубы өз алаңында оралдық «Жайықты» қабылдады. «Кеншілер» кездесуді сенімді өткізіп, жанкүйерлерін жарқын ойынмен қуантты және 3:0 есебімен лайықты жеңіске жетті.

Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері бастаманы өз қолдарына алып, қарсыласқа жоғары қысым көрсетіп, қонақтар қақпасы маңында қауіпті сәттерді жиі ұйымдастырды. «Шахтердің» негізгі құрамында алаңға Игорь Шацкий (к), Александр Мигунов, Қасымжан Таипов, Нұралы Азатказы, Рифат Нұрмұғамет, Андрей Ульшин, Руслан Белобородый, Максим Галкин, Данила Васильченко, Арман Нүсіп және Артем Литош шықты.

Алғашқы гол «кеншілердің» нағыз визиттік карточкасына айналған арнайы дайындалған комбинацияның нәтижесінде соғылды. Данила Васильченконың алыстан лақтырған добы қарсыластың айып алаңына жетіп, сол жерде Александр Мигунов баспен дәл соққы жасап, есеп ашты.

Ойын тізгінін қолында ұстаған қарағандылықтар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Кездесудің 36-минутында команданың жаңа ойыншысы Андрей Ульшин «Шахтердің» шабуылын сәтті аяқтап, алаң иелерінің басымдығын екі есеге арттырды. Осылайша команда үзіліске жайлы есеппен аттанды.

Екінші таймда да «кеншілер» алаңдағы ойын барысын толық бақылауда ұстады. Команда қорғаныста да, шабуылда да сенімді ойын көрсетіп, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Трибунадағы жанкүйерлер сүйікті командасын қызу қолдап отырса, футболшылар жанкешті ойындары арқылы есеп айырмасын ұлғайтуға ұмтылды.

Матчтың нүктесін қарағандылық жанкүйерлердің сүйіктісі Артем Литош қойды. Ойынның 83-минутында шабуылшы сол қапталмен сәтті өтіп, өз мүмкіндігін мүлт жібермей пайдаланып, «Шахтердің» үшінші голын соқты. Бұл гол кездесудегі жеңімпазға қатысты барлық сұраққа нүкте қойды.

Сенімді жеңістің арқасында «Шахтер» маңызды үш ұпайға қол жеткізіп, Бірінші лигадағы жоғары орындар үшін күресін жалғастырды.

 

 

 

 

 

 

 

Наверх